Павлодар облысында ұсақ масаға қарсы жұмысты сапалы жүргізу тапсырылды
Өңірде жайылманы өңдеу жұмыстары қайта жанданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов дезинсекциялық жұмыстар жөніндегі мәселелерді талқылау барысында ұсақ масаның көптігіне, әсіресе Усолка, Саяжай шағын аудандары, Жаңауыл кентінде және тағы басқа аймақтарда таралуына шағымдардың жиілеп кеткенін атап өтті.
Мердігердің айтуынша, жайылманы өңдеу масалардың дернәсілдерін улау бойынша тиісті нәтиже берген, маса дернәсілдерінің жетілуі кейінірек байқалған. Өткен аптада инелік құртына зиян келтірмеу үшін дезинсекциялық жұмыстар үш күнге тоқтатылған. Себебі, жақын арада инеліктің ұшып шығуы болады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда жайылманы өңдеу жұмыстары қайта жанданды, қазірдің өзінде қанаттанған масаның ұшып кетуіне жол бермеу үшін жағалау сызығын тосқауылдық өңдеу жүргізілуде. Оның тиімді нәтижесіне қол жеткізу үшін 2-3 күн қажет.
Облыс әкімі әзірленген алгоритмді нақты сақтай отырып, өңдеу жұмыстарын қысқа мерзімде сапалы түрде жүргізуді тапсырды.