«Маралтай оқуларында» павлодарлық оқушының жоғары жетістігі еленді
Байқау қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дәстүрлі республикалық «Маралтай оқулары» шығармашылық байқауы 25–26 қараша күндері Жамбыл облысының Тараз қаласында ұйымдастырылды.
– Бұл рухани шара «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жоспарына сәйкес, дарынды балалармен жұмыс жүйесін жетілдіру және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында өтті, – деді «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының баспасөз қызметі.
Биылғы байқау екі бағыт бойынша жүргізілді: «Тарпаң мінезді Маралтай» (ақын шығармаларын мәнерлеп оқу) және «Жас ғасыр, жаңа заман» (жас таланттардың өз туындыларын ұсынуы).
– Өңір намысын бұл додада Ақсу қаласындағы Ю. Гагарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленш абыроймен қорғады. Ол «Жас ғасыр, жаңа заман» бағыты бойынша өзінің ерекше таланты мен поэзияға деген үлкен сүйіспеншілігін танытып, әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды, – делінген хабарламада.
Нәтижесінде Еркебұлан Тіленш І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ең бастысы, жас дарынның шығармашылық ізденісі мен жоғары жетістіктері еленіп, ол Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында оқу үшін арнайы грант иегері атанды.
– Бұл жетістік – мектеп ұжымы мен өңіріміздің мақтанышы. Жас ақынның табысы жас ұрпақтың бойында рухани байлыққа, көркем сөзге деген сүйіспеншіліктің артқанының айғағы, – деп атап өтті «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының баспасөз қызметі.
Жас ақынның шығармашылық ізденісін бағыттап, шабытын ұштап жүрген жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмас Ақтасов.