Павлодарлық жігіт мас қызбен сүйіскені үшін жүргізуші куәлігінен айырылды
Медициналық куәландыру кезінде жүргізушінің мас екендігі расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізушілер өздерін ақтау үшін әрдайым жаңа және қызықты себептер ойлап табады.
– Мысалы, Естай көшесі – Н.Назарбаев даңғылының қиылысында таңғы сағат 5-те «ВАЗ» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Медициналық куәландыруда жүргізуші біраз уақыт бұрын түнгі клубта болған кезде мас қызбен 40 минут сүйіскен деп өзін ақтағысы келген. Алайда, сараптама жүргізушінің мас болғанын растады, – деді департаментте.
Жүргізушіге қатысты мас күйінде автокөлікті жүргізгені үшін әкімшілік материал толтырылды.
Сот қаулысымен жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды.