Майқайың кентінде су құбырындағы ақауды жоюда
Асайын Байхановтың қатысуымен жедел штаб құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 ақпанда Баянауыл ауданының Майқайың кентіне диаметрі 1020 мм суық сумен жабдықтау құбырында ақау анықталды. Орын алған ақаудың учаскесі «Екібастұз қалалық су арнасы» МКК екінші көтергіш сорғысынан 27 км қашықтықта орналасқан.
Жағдайға байланысты жедел штаб ұйымдастырылды. Ол жерде аймақ басшысы Асайын Байханов, Екібастұз қаласының және Баянауыл ауданының әкімі, сондай-ақ, облыс ТЖД басшысы бар.
– Ақаудың себебін анықтау және жою жұмыстарын «Екібастұз қалалық су арнасы» МКК күштерімен жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына 30 адам және 10 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, сол жерде Павлодар облысы ТЖД және «Майқайың-алтын» АҚ мамандары жұмыс істеуде,– деді облыс әкімдігінде.
Майқайың кентінің тұтынушылары - тұрғындары судан ажыратылған жоқ. Сумен жабдықтау төмен қысымда жүргізілуде. Анықталған ақау жойылғаннан кейін толыққанды беру қайта басталады.