Майқайыңдық би ұжымы мерейтойын атап өтті
Екі жарым сағаттың ішінде өнер сүйер халыққа сан түрлі би қойылымдары ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық балалар өнер мектебінің мәліметінше, «Айналайын» үлгілі би ұжымы биыл 20 жылдық мерейтойына орай «20 жылдық би ғұмыр» атты концерттік кеш өткізді.
– Сахна төрінде толассыз құттықтаулар мен құшақ гүлдерден бұрын халық өнерінен сан түрлі нөмірлер орындалып, репертуар байыды. Жұртшылықтың көзайымына айналған ұжым кештің екі жарым сағатында ұлттық, эстрадалық және заманауи жанрдағы жиырмаға жуық билерін орындады, – дейді кеш ұйымдастырушылары.
Ұжымның негізі 2004 жылы педагог-хореограф Қарлығаш Ақыловамен қаланды. Әр жылдары Ирина Ленкевич, Николай Разумов, Кристина Рустамова сынды хореографтар жетекшілік қызметін атқарды. Қазіргі күні педагог-хореограф Анастасия Сухова жетекшілік жасап келеді.
– Жетістіктер мен жеңіс, шабыт пен тынымсыз еңбек нәтижесін көрсете білген ұжымның қатары күн санап көбейіп, би өнерімен қанаттанғысы келген бүлдіршіндермен толыға түсті. Бүгінде 5-15 жас аралығындағы 100-ден аса бүлдіршін мен жас өнерпаз би әлемінің қыр-сырын үйренуде, – делінген хабарламада.
2013 жылдың 12 тамызында ұжым сынақтан өте ҚР Мәдениет министрлігінің бұйрығына сәйкес «Үлгілі» атағын алды.
Ұжым облыста және республика аумағында ұйымдастырылатын мәдени-қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетіп келеді. Жас бишілер облыстық байқаулардан бастап 100-ден астам дипломдар мен халықаралық лауреат атағын жеңіп алды.
«Айналайын» үлгілі би тобы жыл сайын өз көрермендерін жаңа бірегей би нөмірлерімен қуантып, көңілді көңіл-күй сыйлайды. Бүгінде ол Павлодар облысындағы кәсіби би ұжымдары арасында жетекші өнер ұжымы.