Майқайын кентінде аурухана қайта жаңғыртылды

Қазіргі кезде ғимаратта 30 жаңа кабинет жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданының денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістерге куә болып отыр. Соның бір жарқын дәлелі Майқайың кентіндегі аурухананың жаңаруы.
Баянауыл аудандық ауруханасына қарасты медициналық ұйымда бүгінгі таңда 12 дәрігер мен 50 мейіргер еңбек етуде. Мекеменің аға дәрігері Сергей Зверевтің сөзінше, кадр тапшылығы жоқ. Мамандар ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға күнделікті үлес қосып келеді.
– Аурухана құрамына емхана, стационар және Үшқұлын, Шөптікөл, ЦЭС ауылдардың медициналық пункттері кіреді. Барлығы 7659 тұрғынға алғашқы медициналық-санитариялық және білікті медициналық көмек көрсетіледі. Орта есеппен күніне 100–170 науқас дәрігерлер қабылдауына жүгінеді, – дейді мекеменің аға дәрігері Сергей Зверев.
Сергей Зверевтің айтуынша, ауылдық аурухана толықтай күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарын «Stroy Company 2017» ЖШС жүргізді. Мердігер сәуірден қыркүйек айына дейінгі бес ай ішінде барлық жоспарланған жұмыстарды толықтай орындады.
– Жөндеу барысында аурухананың қасбеті мен шатыры ауыстырылды, ғимарат ішінде заманауи әрлеу жұмыстары жасалды, электр жүйесі мен сымдары толық жаңартылды, желдету, жылыту, өрт дабылы және байланыс жүйелері орнатылды, аурухана аумағына кеспе тас төселіп, қоршаулар жаңартылды, – дейді Сергей Зверев.
Күрделі жөндеуден кейін аурухана медицина қызметкерлеріне де, науқастарға да ыңғайлы, жарық әрі кең ғимаратқа айналды.
Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан уақытта да ауыл тұрғындары медициналық көмексіз қалған жоқ. Науқастар арнайы дайындалған стационардың бөлек ғимаратында қабылданды.
– Күрделі жөндеу толық жоспарға сай өтті. Барлық инженерлік жүйелер жаңартылды, ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті түбегейлі өзгерді. Қазірдің өзінде науқастар да, қызметкерлер де жаңа аурухананың жайлылығын сезініп отыр. Бұл ауыл медицинасын жаңа деңгейге көтерді, – дейді аға дәрігер.
Қазіргі таңда Майқайын ауруханасы тек медициналық көмек көрсететін орын ғана емес, ауыл халқының сенімді тірегіне айналды. Әсіресе, балаларға, қарттарға, жүкті әйелдерге көрсетілетін сапалы қызметтің арқасында тұрғындар жаңа деңгейдегі медицинаны сезінуде.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен жаңа технологиялардың енгізілуі ауыл дәрігерлеріне үлкен мүмкіндік беріп отыр.