Май ауданында мұражайға жаңа ғимарат беріледі

Бұған дейін шағын мұражай мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2014 жылы құрылған ауылдық мұражай 2018 жылдан бастап аудандық ойын-сауық мәдени орталықтың қарамағына берілген. Қазіргі таңда мұражайға берілген жеке ғимаратқа жаңарту жұмыстары жүргізілуде, ресми ашылуы осы жылдың күзіне жоспарланған.
Экскурсия жүргізушісі Алтынбек Байғалиев Май ауданы өзінің тарихи, мәдени және киелі орындарымен ерекшеленетін өңір екенін атап өтті.
— Мұражай – бұл тек жәдігерлер қоймасы емес, ол — тарихтың өзі. Біз жастардың туған өлкенің өткенімен танысып, тарихи танымын кеңейткенін қалаймыз, — деді экскурсия жүргізушісі Алтынбек Байғалиев.
Мұражайдың ең басты ерекшелігі — экспонаттардың басым бөлігі ауыл тұрғындарының атсалысуымен құралған. Сонымен қатар, мұражай жинағына жергілікті өлкетанушылар да елеулі үлес қосқан. Әсіресе ауыл тұрғыны Ерқанат Ахметов қолдан жасаған аң-құстардың мүсіндері мен макеттері ерекше құндылық ретінде мұражай қорына енгізілген.
— Бүгінгі күнге дейін 1000-нан астам адам мұражайды тамашалап, аптасына 30-дан астам адам келеді. Бұл – ауыл мәдениетінің дамуына қосылған үлкен үлес, — дейді Алтынбек Байғалиев.
Оның айтуынша, ауыл азаматтарының жанашырлығы мен белсенділігінің арқасында қайта жаңғыртылып жатқан мұражай — ел тарихына деген құрметтің жарқын үлгісі. Болашақта бұл орын Май ауданының ғана емес, тұтас өңірдің рухани орталығына айналуы әбден мүмкін. Мұндай бастамалар ауылдың мәдени тынысын арттырып, ұрпаққа өткенді ұмытпауға жол ашады.
Әмина Жеңіс