Май ауданының әуесқой археологы: Көне тиын тағдырыма әсер етті

Май ауданының әуесқой археологы: Көне тиын тағдырыма әсер етті
Фото: автор

Бір жәдігерден басталған хобби бүгінде жүздеген тарихи құндылыққа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Нұрбек Жұмаділов  – Ақшиман ауылында тұратын қарапайым ауыл азаматы. Ол күнделікті жұмысынан бөлек, бала кезінен ерекше хоббиге әуес болған. Бір күні тастың арасынан көне тиын тауып алып, оның кәдімгі тарихи жәдігер екенін археологтардан естігенде бұл салаға деген қызығушылығы күрт оянған. Содан бері ол уақыт тауып, өз қаражатына археологиялық қазбаларға шығып, көненің көзін жинаумен келеді. 

Қазіргі таңда Нүрбек Жұмаділовтің коллекциясында 489 түрлі жәдігері бар. Оның 90%-ы өз қолымен табылған, қалғанын ауыл тұрғындары мен таныстары сыйға тартқан. Әр экспонаттың өз тарихы, өз мәні бар. Көне тиындар, балшықтан жасалған бұйымдар, тастар, музыкалық аспаптар, ұлттық қолөнер туындылары бәрі де шебердің қолында жан біткендей.

Әуесқой археологтың бойында тек қолөнерге ғана емес, музыка мен сурет өнеріне де ерекше қабілет бар. Ол баян тартып, балшықтан бұйым мүсіндеп, сурет те салады. Нағыз  сегіз қырлы, бір сырлы ауыл адамы. Оның айтуынша, ата-бабасы да өнерге, ұсталыққа жақын жандар болған. Бұл қасиет ұрпақ сабақтастығымен жалғасып келеді.

Менің бұл жұмысты істеудегі жалғыз мақсатым — ұрпаққа аманат қалдыру. Бұл байлық — менікі емес, халыққа тиесілі. Сондықтан осы жәдігерлердің Ақшиман ауылында сақталғанын қалаймын. Қазір мектептің ішінде кішкентай музей бұрышын ашуды жоспарлап отырмын. Сол үшін Павлодарда өтетін гранттар байқауына қатысып көрмекпін, — дейді Нұрбек Жұмаділов. 

Қарапайым ауыл азаматының үлкен арманы — туған ауылынан шағын музей ашып, ел тарихын, бабалар мұрасын келер ұрпаққа жеткізу. Оның еңбегі  — елге үлгі, рухани жаңғырудың нағыз көрінісі.

Әмина Жеңіс