Павлодарда ақын Алмагүл Бұзаубаеваның 60 жылдығына арналған кездесу кеші өтеді

Павлодарда ақын Алмагүл Бұзаубаеваның 60 жылдығына арналған кездесу кеші өтеді
Фото: pexels.com / Min An

Іс-шарада ақынның шығармашылығы таныстырылып, оның сөзіне жазылған әндер орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

13 наурыз күні сағат 11:00-де Ә.Марғұлан көшесі, 97 мекенжайы бойынша Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Алмагүл Әшімқызы Бұзаубаеваның 60 жылдық мерейтойына арналған «Өнер деп соққан жүрегім» атты кездесу кеші ұйымдастырылады.

Алмагүл Әшімқызы 1966 жылы 13 наурызда Павлодар облысы Май ауданы Жанатілек ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Ақшиман ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші ретінде бастаған. 

– Кейін Май аудандық мәдениет үйінің жанынан режиссер Мерзихан Шайхин жетекшілігімен құрылған «Халық» театрында қоюшы режиссер болып еңбек етіп, жастардан құралған «Көңілашар» ойын-сауық театрын құрды. 1999–2020 жылдары облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында қызмет атқарды. Қазіргі уақытта облыстық қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығында жұмыс істейді, – деді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің баспасөз қызметі.

Ақын түрлі мәдени жобаларды ұйымдастырып, «Әке – асқар тау», «Аяулы менің аймағым», «Мейірімді ана, ерке қыз», «Елін сүйген, салтын да сүйер», «Абай елін аралап жүр...» және «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» секілді жобалар арқылы танылды. Сонымен қатар ол бірнеше әннің сөзін жазған. Олардың қатарында «Астана», «Арыстар», «Сапқа тұр майдангер», «Қыз назы», «Пәк сезім», «Наурыз» әндері бар. Сондай-ақ Май ауданының 80 жылдығына орай «Май елі – мерейлі мекенім» әнін жазған.

Кездесу барысында жергілікті әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындайды. Сонымен бірге ақынның жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұсынылады.