Майқайың кенішіндегі апат: Тағы бір адамның денесі табылды

Майқайың кенішіндегі апат: Тағы бір адамның денесі табылды
Фото: ТЖМ

Қазір сараптамалар жүргізіліп, табылған құтқарушының жеке басы анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР ТЖМ мәліметінше, 2024 жылғы 19 шілдеде «Майқайың-алтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды. 

– Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді. Олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп, денені жер бетіне көтеріп, жедел тергеу тобына тапсырды. Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді, – деп жазылған хабарламада.

Бұдан бұрын екі құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқандығы анықталды.  

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайың-алтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.  

Құтқарушылар автобустың үлкен бөлшегін – дөңгелекті тапқан болатын. Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайың-алтын» АҚ екі миллион теңге төледі, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталығы бір миллион 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті.

«Майқайың-алтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды.