Мерзімді қызметтегі сарбаз Павлодардағы әскери бөлімге «күміспен» оралды

Мерзімді қызметтегі сарбаз Павлодардағы әскери бөлімге «күміспен» оралды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Үш қарсыласын ірі жеңген сарбаз финалда ұпаймен жеңілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мұхаммед Әли Серікбай жекпе-жек спортынан өткен жарыста жүлдегер атанды. Өскемен қаласында өткен сайыс «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына бағынысты әскери бөлімдер арасында ұйымдастырылды. 

80 келі салмақта күш сынасқан сарбаз үш қарсыласын ірі есеппен жеңіп, ақтық сында ұпай бойынша есе жіберіп, екінші орынды иеленді.

Менің негізгі машықтанған спортым бокс. Былғары қолғапты балаң шағымнан қолыма киіп, шаршы алаңда сан мәрте сынға түстім. Ұлттық ұлан сапына қосылғалы спорттан қол үзбедім. Әскери бөлімдер арасында жекпе-жек спортынан өткен сайыста алғаш рет бағымды сынап көрдім. Нәтиже жаман емес. Енді аяқпен жұмыс жасауға дағдылансам, мен үшін алынбас қамал болмайды деп ойлаймын, – дейді қатардағы жауынгер. 

Мұхаммед Әлидің есімін әкесі әйгілі боксшының құрметіне қойған. Әкесі ұлының есімі сияқты даңқы да биік боларына сенген. Мектеп кезінде бокспен айналысқан сарбаз, студент кезінде грэпплинг спортына ден қойған.

Қостанай облысынан шақырылған мерзімді әскери қызметші алдағы уақытта жоғары оқу орнында білім алуды мақсат етіп отыр.