Министр: Майқайың кенішінен құтқарушы мен жүргізушіні міндетті түрде алып шығамыз

Министр: Майқайың кенішінен құтқарушы мен жүргізушіні міндетті түрде алып шығамыз
Фото: Павлодар облыстық ТЖМ

Автобусқа дейін бес метр қалды, деп хабарлайды Kazinform

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобусты шығару жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты. 

– Әзірше автобусқа дейін 5 метр қалды. Өте баяу түсу қажет. Ең бастысы – құтқарушылар мен ойықты аршып жатқан жұмысшылардың қауіпсіздігі. Бұл – оңай шаруа емес. Нақты мерзімін, сағатын, ай-күнін айту қиын. Өйткені құтқару жұмыстары қайта-қайта үзіліп қалып жатыр – аумақты сканерлеп, қауіпсіз екеніне көз жеткізіліп тұру керек. Автобусты, бір құтқарушы мен жүргізушіні міндетті түрде алып шығамыз, –  деді Сырым Шәріпханов.

Министрдің сөзінше, жұмыс жүріп жатыр, алайда әзірге мерзімін айту қазір қиын. Қазақстандық құтқарушылар мұндай жағдайға бірінші рет тап болған.

– Бұл ерекше жағдай. Қазақстан бұрын-соңды болмаған. Сондықтан тәжірибеміз де жоқ. Қазір әлемдегі тәжірибелерді зерттеп жатырмыз. Сіз әуеден көтеру мәселесін айттыңыз ғой. Оның ықтималдығы аз. Бұл жерде жер қыртысын аршып, автобусқа жетіп алу қажет, – деді ол.

Сырым Шәріпханов жер қыртысын аршу үшін экскаватор мен басқа да техникаларды пайдалану керек екенін атап өтті. 

Еске сала кетейік, жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс істейді.

Комиссия құрамына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, еңбек басқармасы, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы, кәсіподақ ұйымы департаментінің басшылары мен мамандары кірді. 

Тергеу жұмысын жан-жақты ұйымдастыру және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылды.