Мойылдыда аналар үйірмесі ашылды

Үйірме Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйінде орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мойылды ауылының әкімі Жеңіс Әбікеннің қолдауымен мәдениет үйінің жанынан тағы бір үйірме ашылды.
– Аналар үйірмесін ашудағы басты мақсат – ауылдағы көп балалы аналарды қолдау және өсиет айтатын ізгі апа-әжелердің ақыл кеңесін кейінгі жас буынға үлгі-өнеге ету, дәріптеу. Алғашқы күні аналарымызды шақырып, ақыл-кеңестеріне құлақ түрдік, ұсыныстарын тыңдадық. Үйірме күндерін бекіттік, – дейді Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйінің басшысы Перизат Құрманәлі.
Әр аптаның үш күнінде әжелер ұлттық салт-дәстүр, қолөнер бойынша шеберлік сағатын өткізіп, келелі кеңес айтады, ұрпаққа бата береді. Сондай-ақ, этнос өкілдері аналарының қатысуымен басқа ұлттардың мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерімен таныстырады, тағы басқа да тақырыптар талқыланады.
Мәдениет үйінің шаруашылық меңгерушісі Әлімгүл Тәліпқызы үйірменің жұмыс кестесіне, жұмыс барысына жауапты болады. Мамандығы тігінші болғандықтан, үйренуге ниет білдірген қыздар мен келіндермен тігіншілік өнердің қыр-сырымен бөліседі.
Ауылдағы көп балалы аналарға да үйірме жұмысы уақытында келіп, киімдерді қысқарту, тігу және басқа да жұмыстар атқаруға болады.