Мүгедектігі бар павлодарлықтар үшін Telegram-арнасы іске қосылды
Мұнда түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
"Tvoiconsultant_bot" Telegram-арнасының көмегімен жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік, білім беру және тұрғын үй мәселелері бойынша жауаптар алуға болады.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәлімдеуінше, Павлодарда ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен мүгедектігі бар адамдардың хабардарлығын арттыруға бағытталған "Даму векторы" жобасын іске асыру жалғасуда. Жоба аясында "New vision team" ҚҚ мемлекеттік бағдарламалар мен қызметтерді түсіндіру бойынша іс-шаралар өткізеді.
Жоба жетекшісі Төлеген Айтбаевтың айтуынша, арна арқылы 2000-нан астам кеңес беру жоспарланған.
– Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы болу үшін біз Telegram арнасын құрдық. Үйден шықпай-ақ, мұнда олар кез келген уақытта жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа мамандықтарды игеру және тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысты өз сұрақтарын қалдырып, оларға жауап ала алады. Бүгінгі таңда біздің арна арқылы 441 адам кеңес алды. Осы құралдың көмегімен жоба қорытындысы бойынша адамдарға 2000 –нан астам кеңес беруді жоспарлап отырмыз, - дейді ол.
Сонымен қатар, қоғам белсенділері мүгедектер үшін "Microsoft инклюзивті құралдары" оқыту курсын, "түйіндеме жасау", "тиімді жұмысқа орналасу дағдылары", "мінсіз сұхбат" сияқты тақырыптарда тренингтер ұйымдастырды.
Жобаны іске асыру аяқталғанға дейін оқытумен 70-тен астам адам қамтылатын болады. Оқыту қорытындысы бойынша мүгедектігі бар бес павлодарлыққа жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі деп күтілуде.
Айта кетейік, "даму векторы" жобасы осы жылдың қазан айында аяқталады.