Павлодардағы «Халық банкті» тонаушылар Ресейде жазаланады

Павлодардағы «Халық банкті» тонаушылар Ресейде жазаланады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оперативтік-іздестіру шаралары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, 2024 жылдың қарашасында банкке жасалған ұрлықтан кейін ешкім ұсталмаған. Себебі олар Қазақстаннан бір тәулік ішінде қашып кеткен.

Кейін павлодарлық жедел қызмет Ресейлік әріптестерімен бірге екі апта бойы бірлескен операция жүргізіп, бес күдіктіні қамауға алады.

– Әлі де екі күдікті іздестірілуде. Жақында біздің қызметкерлер Грузия мен Арменияға іссапарға аттанды. Сол жерде қылмыстың басқа да қатысушылары жасырынған деген ақпарат бар. Операция кезінде біздің қызметкерлерге құқықтық тұрғыдан толық көмек көрсетілмек. Алынған материалдар кейін РФ құқық қорғау органдарына жіберіледі, – деді Болат Нұрсейітов.

Айта кетерлігі, ұсталған бес азаматтан аз ғана ақша табылған.

– Зиян шеккендер – шамамен 40 адам, басым бөлігі  - Павлодар облысының тұрғындары. Нақты шығын сомасын жария ете алмаймыз. Барлық ұсталғандар Ресей азаматтары болғандықтан Ресей заңына сәйкес сотталады, – деп атап өтті спикер. 

Бұл ретте, «Халық банк» қаржылық шығынды толық өтеуді өз мойнына алған.