Отшашу, айтыс, концерт: Павлодарда Жеңіс күні ерекше тойланады

Отшашу, айтыс, концерт: Павлодарда Жеңіс күні ерекше тойланады
Фото pixabay.com\DeltaWorks

«Ertis Promenade» сахнасында Нұрболат Абдуллин өнер көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастығы Медет Тауасқан мамыр айындағы мерекелерге облыс бойынша жалпы 2000-ға жуық іс-шара жоспарланғанын мәлім етті.

Облыс музейлерінде кездесулер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, фестивальдер, «Шаңырақ» орталығында, «Batyr mall» сауда орталығында мерекелік концерт, екі облыстық театрда «Қызыл алма» және «Шальные деньги» комедиялары  көрсетіледі.

–    Екібастұз қаласында арнайы шақырылған әртіс – Асылхан Шалқаров өнер көрсетеді, – деді Медет Тауасқан.

Облыс музейлерімен музыкалық кештер, кездесулер, тақырыптық кештер, кітапханалармен патриоттық және танымдық  сағаттар жоспарланған. Сондай-ақ бұл күні Естай атындағы мәдениет сарайында Қайрат Нұртастың мерекелік ән кеші өтеді.

–   9 мамыр – Жеңіс күніне орай Иса Байзақов атындағы филармонияның концерттік залында тегін симфониялық оркестрдің концерт ұйымдастырылады, – деді ол.

Одан бөлек облыс бойынша сағат 11:00-де Даңқ алаңдарында гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі.

Облыс орталығында «Ertis Promenade» сахнасында кешкі сағат 18:00- 21:00 аралығында Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен Естай атындағы мәдениет сарайы әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Іс-шара сағат 21:00-де мерекелік отшашумен аяқталады.

–   Жалпы мерекелік іс-шаралар қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етуі тиіс. Отшашу жоспары бойынша төтенше жағдай департаменті қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек, өйткені барлығы ауа райына, желге байланысты, қажетті шаралардың барлығы орындалсын, – деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы ақпараттық және қоғамдық даму басқармасы барлық мерекелік іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарына кеңінен жарялауды. Білім беру және мәдениет спорт басқармаларына жалпы аймақ тұрғындарын қамтитын мерекелік іс-шараларды өткізуді, қалалар мен аудан әкімдеріне елді мекендерді мерекелік безендіруді, полиция департаменті мен жергілікті поиция қызметіне мереке күндерді құқықтық тәртіпті сақтауды тапсырды.

Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Екібастұз қаласының «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Ұлы Жеңіс ұрпаққа аманат» атты республикалық  ақындар айтысы өтеді.

Айтысқа өңіріміздің беделді ақыны «Алтын домбыра» иегері  Аспанбек Шұғатаев, Абай облысынан «Асыл домбыра» иегері  Айбек Жеңісқазин және Қарағанды облысынан «Алтын домбыра» иегері  Мақсат Аханов секілді жалпы он ақын қатысады.