Оқиға орнынан жасырынған: Ақсуда адам қаққан жүргізушілер ұсталды

Оқиға орнынан жасырынған: Ақсуда адам қаққан жүргізушілер ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жол-көлік апатынан зардап шеккен ер адам бірден оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Алдын ала деректер бойынша, 6 қазан күні Ақсу қаласында ВАЗ-21213 автокөлігінің жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Одан кейін екінші көлік ВАЗ-21070 жолда жатқан ер адамды басып өтіп, оқиға орнынан ізін суытқан.

– Полиция жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан жасырыну фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Аталған жол апаты салдарынан жаяу жүргінші көз жұмды. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді анықтап, ұстады және полиция бөліміне жеткізді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, – деді облыстық полиция департаментінде.

Полиция департаменті мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларды жылдамдық режимін қатаң сақтауға, әсіресе қозғалысы көп учаскелерде, және көлік құралдарының техникалық жағдайына тұрақты түрде бақылау жасауға шақырады.