Павлодар өңірінде сайлауалды науқан белсенді фазаға өтті

Павлодар өңірінде сайлауалды науқан белсенді фазаға өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Саяси партиялар кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихатын облыс аумағында қызу жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл өңір тұрғындарының саяси белсенділігін арттыру және әрбір саяси ұйымның бағдарламалық ұстанымдарын түсіндіру мақсатында іске асуда. Бүгінгі таңда облыс аумағында бірнеше партия мен жекелеген кандидаттардың сенімді өкілдері түрлі форматтағы кездесулер мен ақпараттық науқандар ұйымдастырып жатыр.

 «Әділет» партиясы

Әділеттіктер Павлодар облысы бойынша «Есіктен есікке» акциясын ауқымды түрде өткізуде. Партия өкілдері қала және ауыл тұрғындарымен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын түсіндіруде. Бұл бастама бір күнде облыс бойынша 2000-нан астам тұрғынды қамтуды көздейді. Аталған акция Ақтоғай ауданының Жолболды, Шілікті ауылдарында, сонымен қатар Успен ауданының орталығында жалғасуда. Бұдан бөлек, «Әділет» партиясының өкілдері өңірдегі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да белсене қатысып, аумақтарды абаттандыру мен тұрғындарды қоғамдық бастамаларға тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП)

Партия белсенділері Баянауыл ауданында кезекті үгіт-насихат акциясын ұйымдастырды. Шара барысында тұрғындарға ұйымның ақпараттық материалдары таратылып, сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері мен ұстанымдары түсіндірілді. Кездесу кезінде тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және экономикалық мәселелерді ортаға салып, партия өкілдеріне сауалдарын қойды. Белсенділер азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, партияның сайлауалды бастамалары туралы жан-жақты ақпарат берді. Мұндай кездесулер тұрғындардың саяси партиялардың бағдарламаларымен жақынырақ танысуына, өзекті мәселелер жөніндегі ұстанымдарын білуіне және сайлау үдерісіне саналы түрде қатысуына мүмкіндік береді. 

 «Байтақ» партиясы

Партиядан кандидат Айдос Бейбітұлы Иманбаевтың сенімді өкілдері Павлодар қаласы мен облыс аумағында үгіт плакаттарын арнайы орындарға іліп, тұрғындарды өз бағдарламалық бастамаларымен таныстыруда. Осы ақпараттар арқылы сайлаушылар партияның өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдары туралы толық мәлімет ала алады. Сонымен қатар үгіт материалдары азаматтарға кандидаттың негізгі басымдықтары мен ұсыныстарын саралап, алдағы сайлауда саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өңір тұрғындарының саяси үдерістерге қатысу белсенділігін арттырып, сайлауалды бағдарламалардың мазмұны туралы мағлұмат көкжиегін кеңейтеді. 

Қазақстанның Халық партиясы

Сайлауалды кезең – партиялардың бағдарламаларын саралап, ел мен қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты ұстанымдарын зерделейтін маңызды уақыт. Осы ретте Павлодар облысында жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыс азаматтардың Қазақстанның Халық партиясының бастамалары туралы хабардарлығын арттырып, ұсынылған бағыттарды өз көзқарасы тұрғысынан бағалауына жол ашады. Өйткені саналы таңдау нақты ақпарат пен байыпты пайымнан басталады. Партия белсенділері тұрғындарға қолжетімді орындарға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері, маңызды бастамалары мен басым бағыттары қамтылған ақпараттық парақтарды орналастыруда. Мұндай материалдар сайлаушыларға партияның әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты ұстанымдары мен ұсыныстарымен алдын ала танысуға жағдай туғызады.

 «Ауыл» партиясы 

Ауылдықтар жастар мәселесіне басымдық беруде. Бұл партиядан ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат Бекен Сағындықұлы жастармен арнайы кездесу өткізді. Жиында жастардың білім алуы, жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікті дамытуы және қоғамдық бастамаларын қолдау мәселелері сөз болды. Кандидат жастардың бастамаларын қолдаудың және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңызды екенін атап өтті. Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Кандидат олардың сауалдарына жауап беріп, жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Мұндай кездесулер жас буынның өзекті мәселелерін талқылап, олардың ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласуына жол ашып, азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

 «Ақ жол» демократиялық партиясы

Партия өкілдері Железин ауданында болып, кәсіпкерлермен, еңбек ұжымдарымен, аудан тұрғындарымен жүздесті. Кездесулер барысында ауылдық аумақтарды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнес өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мен ауылдағы өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеріп, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Партия өкілдері азаматтардың сауалдарына жауап беріп, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларына тоқталды. Штабтың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, ауыл тұрғындарымен тікелей байланысты нығайтуға бағытталмақ.

 «Respublica» партиясы

Үгіт-насихат жұмысын партияның Павлодар облыстық филиалы да жалғастырып жатыр. Филиал өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына бағдарламаның негізгі бағыттарын жеткізіп, үгіт материалдарын таратумен қатар, азаматтармен тікелей сұхбат құрып, диалог алаңында оларды толғандырған сауалдарға жауап беруде. Тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын назарға алуда. Мұндай кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерін талқылап, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін зерделеуге мүмкіндік береді. Партия белсенділері қоғамдық бастамаларға қолдау білдіріп, тұрғындарды сайлауалды үдеріске белсенді қатысуға шақыруда. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, халықпен тікелей байланысты нығайтуға және сайлаушылардың бағдарламалық ұсыныстар туралы хабардарлығын арттыруға негіз болуда.

Қорыта айтқанда, Павлодар облысындағы сайлауалды науқан әр партияның өзіне тән бағыттары мен әдістері арқылы өтуде. Кейбір саяси ұйымдар тікелей есіктен есікке кіріп, экологиялық шаралар мен шалғай аудандардағы кездесулерге ден қойса, енді бірі кәсіпкерлер мен жастар аудиториясына бағытталған мақсатты жұмыстарды атқаруда. Бұл шаралардың басты мақсаты – сайлаушыларды партиялардың бағдарламалық ұсыныстарымен толықтай таныстырып, өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын ортаға салу.