Павлодар алюминий зауыты «Парыз» байқауының лауреаты атанды

Павлодар алюминий зауыты «Парыз» байқауының лауреаты атанды

Ол Қазақстанның еңбек қауіпсіздігі саласындағы үздік кәсіпорындарының бірі деп танылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауыты республикалық «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік байқауында «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымында ірі бизнес субъектілері арасында күміс жүлдеге ие болды.

– Кәсіпорындағы қауіпсіздік  әрдайым біздің негізгі басымдығымыз болып қала береді. Республикалық байқаудағы бұл марапат – зауыт қызметкерлері үшін жай ғана символдық белгі емес. Барлық талаптарға сай болу үшін ұжым ұйысып, ауқымды жұмыс жүргіздік. Оның басты нәтижесі – өндірістегі жарақаттану деңгейінің айтарлықтай төмендеуі, – деп атап өтті Павлодар алюминий зауытының директоры Айтуған Ахметов.

Жағдайды жақсартуда Павлодар алюминий зауытында құрылған Қауіпсіз еңбек дағдылары тәжірибелік орталығы маңызды рөл атқарды.

– Мұнда қызметкерлерге тайғақ жерде жүруді үйрететін тренажер, өрт қауіпсіздігіне қатысты жаттығу құрылғылары, кабинаға көтерілу мен түсу бойынша симуляторлар арқылы оқыту жүргізіледі. Ал кешенді полигондарда биіктікте және тұйық кеңістікте жұмыс істеу машықтары үйретіледі.  Айта кету керек, аталған полигонға ел көлемінде балама жоқ – бұл біздің жеке әзірлемеміз. Әрі ол өнертабыс ретінде патенттелген, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі басшысы Алексей Чабанов.

Еңбекті қорғау жөніндегі басшы атап өткендей, ПАЗ-да  қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз ету нормалары заңнамалық талаптардан әлдеқайда жоғары. Бұл да өз кезегінде жұмысшылар үшін жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етеді. Тамақ пен сүттен бөлек, қызметкерлер спортзал, бассейн, шипажай мен демалыс орындарының қызметтерін тегін немесе жеңілдікпен пайдалана алады. Ал кәсіптік аурулар бойынша жағдайлар зауытта соңғы 7 жылдан бері тіркелген жоқ.

Қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін қорғауға жағдай жасай отырып, «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек қауіпсіздігі саласын дамытуда, бұл бағытқа ұжымды молынан жұмылдырып, ортақ жауапкершілікті арттыруда.