Павлодар ауданында полицейлер әр аулаға кіріп, тұрғындармен жүздесіп жүр

Іс-шараның басты мақсаты – азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Павлодар ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері республикалық «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында тұрғындармен жұмысын жалғастыруда.
Учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақтарды, саяжай алқаптарын, шаруа және фермер қожалықтарын аралап, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізуде. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұрған адамдарды, азаматтық қаруы бар тұрғындарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру және қолайсыз отбасыларды анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай алдын алу шаралары қылмыстың алдын алуға және жергілікті тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
– Біздің мақсат – әрбір ауыл мен ауланың тыныштығын сақтау. Тұрғындар учаскелік инспекторлармен тығыз байланыста болып, күмәнді жайттар туралы дер кезінде хабарлауы қажет. Тек бірлескен күш-жігермен ғана қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі, – дейді Павлодар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады.