Павлодар ауданында жаңа май зауыты бой көтеруде
Кәсіпорынның құрылысын шетелдік инвестор қолға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде Ольгинка ауылындағы атқарылған жұмыстармен танысты.
Ауданда инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл өлкеге тартылатын инвестиция көлемін 23,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 18 миллиард теңгені құрап отыр.
– Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатқаны көрініп тұр. Инвестиция көлемі өсті. Тоғыз айда күтілетін нәтиже 20 миллиард болса, жылдың аяғына дейін 23 миллиард теңгеге жетеміз. Бұл өте жақсы көрсеткіш болады, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраевтың сөзінше, өңірдегі ең ірі жобалардың бірі –«Jielong Holdings» ЖШС іске асырып жатқан май өңдеу зауытының құрылысы. Кәсіпорын жылына 120 мың тонна шикізат өңдеп, төрт миллиард теңге инвестиция тартуды көздейді. Бұл жоба аясында кемінде 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Сондай-ақ, «Кемеңгер-май» ЖШС жылына 60 мың тонна күнбағыс тұқымын өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – екі миллиард теңге. Сонымен қатар, жиырмадан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ, – деді Дидар Ибраев.
Аудан аумағында төрт жоба жүзеге асырылуда. Оның екеуі – «AGROZHER 2017» ЖШС мен «ЫРЫС ПВ» компаниясының көкөніс сақтау қоймалары.
– «AGROZHER 2017» сыйымдылығы 15 мың тонналық көкеніс қоймаларын тұрғызуда, оның үш мың тонналық бөлігі биыл пайдалануға беріледі. Ал «ЫРЫС ПВ» жобасы көкөніс сақтау қоймасымен қатар, кептіру және өңдеуге арналған қосымша жабдықтарды да қамтиды, – дейді аудан әкімі.
Кездесу барысында Асайын Байханов көкөніс сақтау қоймаларына салқындатқыш жабдықтардың қажеттілігін атап өтті. Ол қазір облыстағы қоймалар желдеткіш арқылы сыртқы ауадан салқындатылып жатқанын, сондықтан көкөніс тек наурыз айына дейін ғана сақталатынын айтты.
– Сәуірден бастап өнім бұзыла бастайды. Осыған байланысты көкөніс бағасы маусымдық түрде қымбаттайды. Бұл – жыл сайын туындайтын мәселе. Біз мұздатқыш қоймалардың көлемін арттыруға мүдделіміз, – деді ол.
Шаһар басшысы ірі шаруашылықтарды мысалға келтіре отырып, фермерлерге көкөніс сақтайтын қоймаларының кем дегенде 10 пайызын мұздатқышпен жабдықтау қажеттілігіне назар аударды. Бұл тұрғыда мемлекеттік қолдау тетіктері бар.
Жүздесуде шетелдік инвесторлар да өз пікірлерін білдірді.
– Қазіргі уақытта зауыттың құрылысы жүріп жатыр, келесі жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Павлодар ауданында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған, – деді «Jielong Holdings» басшысы Ки Ки.
Асайын Байханов өз кезегінде облыс үшін инвестиция тарту жұмысы маңызды екенін атап өтті.
– Кәсіпкерлер жаңа өнім шығарады, қосымша құн жасайды және жалпы экономиканы қалыптастырады. Сондықтан инвесторлармен жұмыс басты міндеттеріміздің қатарында, – деді ол.
Айта кетейік, зауыт құрылысы келесі жылы аяқталмақ.