Павлодар ауданында жоғалған ер адам алғашқы махаббатының жанынан табылды
56 жастағы тұрғын алғашқы махаббатымен өмір сүру үшін ауылға кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл азаматтардың хабар-ошарсыз кеткені туралы 27 өтініш түскен. Оның ішінде 23 азаматтың орналасқан жері анықталды.
– Чернорецк ауылының тұрғыны 23 мамыр күні полицияға 13 мамырда үйден кетіп, оралмаған ағасын іздестіру туралы өтінішпен жүгінді. Ол туыстарымен байланысқа шықпаған. Сол күні жедел уәкілдер жоғалған адамның орналасқан жерін анықтауға бағытталған қажетті жедел іздестіру іс-шаралар кешенін ұйымдастырды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция бастығының орынбасары Жаслан Танжанов.
56 жастағы ағасы қабылданған шаралардың нәтижесінде Павлодар ауданы Жаңа қала ауылының шаруа қожалықтарының бірінде анықталды.
Ер адам өзінің алғашқы махаббатын кездестіріп, онымен жеке өмір сүру үшін көрші ауылға кеткен. Ешкім кедергі жасамас үшін телефонын өшіріп тастаған және туыстары оны мазаламау үшін қоңырау шалмаған.