Павлодарда шағын аудан тұрғындары өздері мешіт салмақ
Ол үшін басты мәселе – жер телімін бөлу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қала тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды. Сарыарқа шағын ауданы тұрғындарының бірі мешіттің құрылысы үшін жер бөлуді өтінді.
– Алюминстрой шағын ауданында тұрғындармен бірлесіп, мешіт салмақ едік. Алайда жер мәселесін шешу қиынға соғуда. Бізге тек осы мәселені қарастырып берсеңіздер жеткілікті, мешітті өзіміз салып аламыз, – дейді қала тұрғыны.
Облыс әкімі Алюминьстрой шағын ауданында арнайы белгіленген бос орын жоқ екенін жеткізді.
– Дегенмен, Қамзин көшесінің бойында бір-екі бос орындар бар. Бұл мәселені жуырда облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы да айтып, бірге талқылаған болатынбыз. Бүгінгі таңда жұмыстар жүргізілуде. Жер телімдері иелерімен аталмыш мәселелер талқыланды, алайда әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, – дейді Асайын Байханов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы мұсылмандарға жақсы жаңалық жеткізді. Дачный шағын ауданында жаңа мешіт салынбақ, құрылыс жұмыстары келер жылы басталмақ.