Павлодар кәсіпкерлері жаңа Конституцияны талқылауға қатысты

Павлодар кәсіпкерлері жаңа Конституцияны талқылауға қатысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесуде жаңа Конституцияның бизнес пен экономикалық дамуға ықпалы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұжымы Астана қаласында өткен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы қалалық штабының кездесуіне бейнеконференция арқылы атсалысты. Іс-шараға ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен елдің барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлер палаталары қосылды.

Кездесуде сөз сөйлеген «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Канат Шарлапаев жаңа Конституция елдің құқықтық және экономикалық дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық палатаның басты мақсаты – отандық бизнесті дамыту, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және оларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету.

Maqsut Narikbayev University профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Әлия Оразбаева 1995 жылғы Конституция Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде қабылданғанын еске салды. Ол негізгі заң 30 жыл бойы елдің дамуына қызмет еткенін, алайда қоғам сұраныстары мен уақыт талабына сай жаңартылып отыруы қажет екенін айтты.

Ал Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры жаңа Конституцияда құжаттың адамға бағытталған қағидаты негізгі орын алғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бизнеске заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беріп, кәсіпкерлерге жобаларды жоспарлап, инвестиция тартуға мүмкіндік береді.