Павлодар кәсіпкерлерге арналған «Өрлеу» жаңа бағдарламасы іске қосылды

Жоба субсидиялаудың орнына келген жаңа форматтағы қаржы құралы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл кәсіпкерлер үшін үлкен жаңалықтардың бірі – «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының іске қосылуы болды. Бағдарлама «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылып, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті жүйелі әрі ұзақ мерзімді қолдауға бағытталған жаңа қадам болып отыр.
«Өрлеу» бағдарламасы бұрыннан таныс субсидиялау құралдарына балама ретінде әзірленіп, кәсіпкерлерге тез әрі тиімді қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Несиелеу мерзімі он жылға дейін, жылдық мөлшерлеме небәрі он екі пайыздан астам, ал кепілдік пен қолдау рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілген.
– Өрлеу – бұл субсидиялаудың орнына келген жаңа форматтағы қаржы құралы. Ең бастысы – кәсіпкерлер қаржыны кідіріссіз алады. Нарықтағы тұрақсыздық кезінде бұл – бизнесті қорғаудың тиімді тетігі. Сонымен қатар, несие шарттары айтарлықтай жеңіл – мөлшерлеме төмен, мерзімі ұзақ, ал қолдау көрсету уақыты қысқа, – деді «Даму» қорының аймақтық филиал басшысы Арсен Дюсекин.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша шаһарда бағдарлама арқылы жалпы сомасы 10,9 миллиард теңгеге 36 жоба қаржыландырылды. Жоба аясында бес негізгі салаға басымдылық беріледі. Атап айтқанда: өңдеуші өнеркәсіп, көлік және қойма, білім беру, денсаулық сақтау және туризм.
Арсен Дюсекиннің сөзінше, жобалардың негізгі бөлігі өңдеуші өнеркәсіп, көлік және қойма және сауда салаларына тиесілі. Бұл жобалар облыс экономикасының әртараптануына, жұмыс орындарының көбеюіне және бизнестің тұрақты дамуына үлкен үлес қосып отыр.
«Өрлеу» бағдарламасы бизнесті дамытудың сенімді құралына айналуда. Жеңіл шарттар, жедел рәсімдеу, нақты салаларға бағытталған қолдау – мұның бәрі шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді жолы екенін көрсетеді. Ал «Даму» қорының кешенді қолдау жүйесі арқылы әр кәсіпкер өз ісін кеңейтіп, аймақ экономикасының өсіміне үлес қоса алады.