Павлодар колледждерінің 400-ге жуық педагогы аттестациядан өтеді
Біліктілік деңгейін анықтау рәсімі кезең-кезеңімен жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, аттестация ережелері мен колледж педагогтарына қойылатын талаптар туралы түсіндіру жұмыстарын өңірлік мобильді топ жүргізіп жатыр.
Мұндай кездесулерде аттестацияның негізгі кезеңдері, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, портфолио дайындау талаптары жан-жақты қарастырылады.
– Педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау критерийлері нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі, жиі қойылатын сұрақтарға толық жауаптар беріледі. Аттестациялық материалдарды дұрыс дайындауға, құжаттар пакетін талапқа сай қалыптастыруға және белгіленген мерзімдерді сақтауға ерекше назар аударылады, – делінген хабарламада.
Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 398 педагогы аттестация тапсырса, олардың 70 пайыздан астамы педагогтердің біліктілігін бағалау рәсімінен өтеді. Үміткерлер қатарында педагог-шеберлер, зерттеушілер және сарапшылар бар. Бірінші және екінші санатқа аттестациядан бес басшы мен 34 басшының орынбасары өтуде. Тағы 91 педагог қолданыстағы санатын растамақ.
– Колледждердің кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында «қосымша кіру» қағидаты негізінде өндіріс саласындағы мамандарды тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде, – деді білім басқармасында.
Қазіргі таңда 179 кәсіпорын қызметкері колледждерде арнайы пәндер оқытушысы және өндірістік оқыту шебері болып еңбек етеді.
Өткен жылы осы пәндер бойынша 42 маман жұмысқа қабылданып, олардың 33-іне біліктілік санаттары беріліп, қосымша төлемдер енгізілген.
Колледждерде педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру қалыпты үрдіске айналған. Осы мақсатта семинарлар, тәжірибеге бағытталған workshop-сессиялар және педагогикалық тәжірибе алмасуға арналған диалог алаңдары ұйымдастырылады.
Оқытушылар мен студенттер байқауларға, ғылыми конференцияларға және кәсіби іс-шараларға қатысып, бұл педагогтердің кәсіби белсенділігін ғана емес, білім сапасын да арттыруға ықпал етеді.