Павлодар колонияларында тұтқындар камераларды зақымдаса, қалай жазаланады?

Бұл туралы ҚР ІІМ еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың жазынан бастап Қазақстанда түрмелерде, тергеу изоляторларында және уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау камераларын қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған заң күшіне енді.
– Егер сотталған адам камераларды бүлдірсе, ол 1 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаза сотталушының жалғыз немесе топпен әрекет еткеніне байланысты белгіленеді. Заң қабылданған сәттен бастап сотқа осындай 49 қылмыстық іс жіберілді. Барлық кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді департамент өкілдері.
Мұндай оқиғалар Қостанай қаласында және Солтүстік Қазақстан облысының колонияларында тіркелген.
– Өткен жылдың тамыз айында Қостанайда сот №76 колониядағы бейнебақылау камерасын қасақана бұзған сотталушының жазасына тағы бір жыл қосты. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысындағы колониялардың бірінде сотталған адам бірнеше камераны бүлдіргені үшін қосымша 1,5 жыл мерзім алды, – делінген хабарламада.
Ведомство камералардың қызметкерлер мен сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылғанын атап өтті. Оларды бүлдіру – ауыр зардаптарға әкелетін қылмыстық құқық бұзушылық.