Павлодар мұнай-химия зауыты үш жылдық жөндеуаралық кезеңге қашан өтеді

Павлодар мұнай-химия зауыты үш жылдық жөндеуаралық кезеңге қашан өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қажетті іс-шаралар тізімі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс басшылығы мен ірі инвесторлар экономикалық өсудің негізгі мәселелерін талқылады. Талқылау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегіҚазақстан: өзекті мәселелер және онытүбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге сүйене отырып өтті.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің бас директоры Маждай Ахметов кәсіпорынның жоспарлары туралы айтып берді.

– Негізгі өндірісті қолдау мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында – зауытты үш жылдық жөндеуаралық кезеңге көшіру және мұнай өңдеу көлемін жылына 5,7 миллион тоннадан 6,3 миллион тоннаға дейін арттыру бар. Қазіргі таңда қажетті іс-шаралардың тізімі анықталып, жобамыз «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Инвестициялық комитетінің мақұлдауынан өтті. Біздің мақсатымыз – жыл сайын тоқтамау, ал соңғы жөндеуді 2028 жылы аяқтау, – деді Маждай Ахметов.

Ол кәсіпорынның өндірісті тоқтатпай оқыту және жөндеу форматына көшіп жатқанын атап өтті.

– Осы бастама аясында біз бірнеше қаладағы инвестициялық комитеттерден өттік және жобаны жүзеге асыру кезеңінің толық мерзіміне мақұлдау алдық. Барлығы 31 іс-шара жоспарланған, оның үшеуі бойынша келісімшарттар жасалды, – деді ол.

Зауытта сондай-ақ SENIM-D деп аталатын жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобаның шеңберіндегі іс-шаралар кешені өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жөндеуаралық кезеңді ұлғайтуға бағытталған. Жоба аясында негізгі қондырғылар жаңғыртылады: каталитикалық крекинг шикізатын гидротазалау қондырғысы, каталитикалық крекинг және ректификация қондырғылары, сондай-ақ абсорбция және газ фракциялау қондырғысы.

– Гидротазалау қондырғысын жаңғыртудан кейін кокстеу ауыр газойлін өңдеудің техникалық мүмкіндігі пайда болады. Бұл қайта өңдеу тереңдігін арттырып, жеңіл мұнай өнімдерінің шығымын көбейтуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Маждай Ахметов.

Тағы бір маңызды жоба – қолданыстағы басқару жүйелерін автоматтандыру.

– 2026 жылдан бастап біз жаңа жапондық басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді бастаймыз. Жалпы бұл жүйеге шамамен 1540 бірлік жабдықты біріктіреміз, соның ішінде 190-ға жуығын ауыстырып, жаңартамыз. Жыл сайын қамту аясын кеңейтеміз, ал 2028 жылға дейін жүйені толық енгіземіз. Қазірдің өзінде екі пилоттық жоба іске асырылып, сынақтан өткізілуде. Бұл жүйе ықтимал ақауларды болжауға және деректердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді директор.

Екінші цифрлық жоба бейнебақылау жүйесіне қатысты. Бұл шешім қауіпсіздік техникасын бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бақылауды айтарлықтай күшейтіп, тәуекелдерді азайтады.

Компания сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу бағытында да белсенді жұмыс жүргізуде.

– Біз техникалық суды қайтадан өндірістік циклге қайтаруға ұмтыламыз. 2024 жылдың қорытындысы бойынша біз суды тұтынуды 16 пайызға, яғни шамамен 240 мың текше метрге қысқарттық. Бірақ біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Мақсатымыз – тұтынылатын судың 70 пайызына дейін қайта жүйеге қайтару, – деп мәлімдеді Маждай Ахметов.

ТМД елдерінде жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша бұл жоба су қайтару деңгейі жағынан үздік бестікке енді.