Павлодар мен Ақмола облысының ақындары өнерлі жекпе-жекке түсті
Өңіріміздің өнерпаздары келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Республика күні Естай атындағы мәдениет сарайында өңіріміздің және Ақмола облыстарының дәстүрлі өнер өкілдері арасында командалық сайыс өтті. Дүбірлі додада қос өңірдің ақындары айтыстың түре, сүре, қайым айтыс жанрында сынға түсті. Сондай-ақ, жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер іс-шараның көрігін қыздырды.
– Дода жоғары дәрежеде жақсы ұйымдастырылып, керемет өтті. Біздің команданың қыз-жігіттері де жақсы дайындықпен келген болатын, әлі алда талай өнер сахынасындағы сайыстар, талай бағындыратын белестер бар. Ең бастысы бәріміздің ойымыз бір – ол қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеу, дамыту, – деді Ақмола облысының көшбасшысы Құдайберлі Мырзабек.
Командалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған топ қазылық етті.
– Өзім осы Павлодардың тумасымын. Басқа қалаға қоныс аударсам да туған жерімнің шашбауын көтеріп сайысқа қатыстым. Өнерді бағалаған көрермендердің қолпаштап, дүбірлеп отырғаны бәрімізге үлкен қолдау болды, – деді дәстүрлі әнші Дәуренбек Слямғали.
Екі командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әр ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал, жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды.