Павлодар мен Астана арасын қосатын республикалық маңызы бар жолды су басты

Қарғын судың биіктігі 5-8 сантиметр болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 наурызда түнгі сағат 01:50 шамасында ауа температурасының көтерілуі мен қардың күрт еруі салдарынан «Астана – Шідерті – Павлодар – Успен» республикалық автожолының 217–218 шақырымы аралығында жол жабынын су басу фактісі тіркелді. Су басқан учаскенің жалпы ұзындығы 100-150 метрді, ал су биіктігі 5-8 см құрады.
Аталған учаске төмен орналасқандықтан, еріген су осы аймаққа жетті. 217-шақырымда диаметрі 1×1 метр болатын суөткізгіш құбыр бар. Қазіргі уақытта ол ашық және тазартылған күйде жұмыс істеп тұр.
Тасқынның ары қарай жайылуын алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында 200 тонна құм мен 800 қап дайындалды, сондай-ақ, 1 экскаватор, 1 тиегіш, 3 самосвал, 2 жол жөндеу қызметінің техникасы және ДЭУ-60-тың 30 қызметкері жұмылдырылды.
Таңғы сағат 10:30-дағы жағдай бойынша көлік қозғалысы қалыпты режимде жалғасуда, көліктердің кептелісі жоқ. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды атқаруда.