Павлодар мен Хорватия университеттері арасындағы ынтымақтастық нығая береді

Инновациялық Еуразия университеті Хорватия Республикасының Елшілігі делегациясын зор ілтипатпен қарсы алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сапар аясында мазмұнды әрі шабыттандыратын кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында академиялық ұтқырлық, Хорватияда оқу мүмкіндіктері және халықаралық ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Құрметті қонақтардың қатарында – Хорватия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі мырза Рефик Шабанович және Елшілік миссиясы басшысының орынбасары, бірінші хатшы ханым Мартина Вельнич Жупич болды.
Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын ортаға салды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық, студенттермен алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен Хорватия университеттері арасында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу жылы, сенімді және шынайы достық атмосферада өтті. Аталмыш сапар халықаралық диалог пен білім беру саласындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, екіжақты серіктестікті дамытудың жаңа көкжиектерін ашты.