Павлодар музейінде Сәбит Дөнентаевтың сиясауыты бар
Жәдігерді музейге ақынның қызы Сәулет Сәбитқызы табыстаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ұлт ақыны Сәбит Дөнентаевқа кезінде Семейде шығып тұрған «Жаңа ауыл» газетінің ұжымы сыйлаған сиясауыт бар. Аталған басылым 1928-1930 жылдары аралығында шығып тұрған.
– Сиясауыттың астыңғы жағында латын әріптерімен «С.Дөнентайұлына «Жаңа ауылдан» берілген белгі» деп жазылған, – дейді музей қызметкері Абзал Рымбек.
Оның айтуынша, жәдігерді музейге ақынның 1924 жылы Ақсу қаласының Құркөл ауылында туған қызы Сәулет Сәбитқызы тапсырған.
Сәбит Дөнентаев – ХІХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің тарихында іргелі орны бар ағартушы-демократ ақындарының бірі. Ол – өзінің шығармаларында еңбекші халықтың өмірін және кеңес дәуірінің шындығын социалистік реализм әдісімен жырлаған талантты, өз заманында-ақ нақты бағасын алған ақын. Ал тұлғаның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі қомақты.
Сәбиттің баспасөзбен байланысы, яғни журналистік қызметі 1912 жылы Павлодардағы Қасым Ертісбаевтың медресесінде оқып жүрген кезінен басталған. Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курста оқи жүріп, «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналына өлеңдерін жолдап отырған. Кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Социалистік Шығыс», «Жаңа ауыл», «Қазақ тілі» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Семейдегі «Жаңа ауыл» (қазіргі «Семей таңы») газеті 1928 жылдан шыға бастаған. 1966 жылдан «Семей таңы» деген атпен аптасына екі рет шығып тұрады.