Павлодар музейінде бір ғасыр бұрын тігілген кеудеше сақтаулы

Павлодар музейінде бір ғасыр бұрын тігілген кеудеше сақтаулы
Фото: автор

Онда революциялық және кеңестік дәуірдің 26 күміс теңгелері тігілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Г.Потанин атындағы музей қорының бас сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша,  бұл кеудеше 2009 жылы Алтай өлкесіне жасалған этнографиялық экспедиция кезінде табылған.

Музей қорына мұндай сирек экспонаттар жыл сайынғы этнографиялық экспедициялар кезінде жиналады. Қазақтың дәстүрлі балалар киімі ересектердің киімінен айырмашылығы шамалы болған.

– Мысалы, қыз балалардың көйлектері де қос етекті, екі воланмен тігілген. Кеудешелер – бәрі де ересек әйелдердің киімдерінің кішірейтілген түрі болған, – дейді музей қызметкері.

Әлия Жомартованың сөзінше, кішкентайлардың киіміне тағылатын әшекейлердің де өзіндік мәні бар. Балалар киіміне үкі, күміс теңгелер мен түрлі моншақтар ілінген. Бұлар тек сән үшін емес, баланы жын-шайтан мен көз тиюден қорғау мақсатында тағылған. Ал киімге тағылған күміс тиындар сыңғырлап, бала жүрген кезде дыбыс шығаратын болған.

Кейбір кеудешелерге араб, орыс және поляк монеталары тігілген. Бұл киім иесінің дәулетті отбасынан шыққанын аңғартады. Себебі күміс қымбат әрі қасиетті металл болып саналған.

Қазақ халқы ежелден күмісті ерекше қадірлеген. Оны тек әшекей ретінде емес, емдік және тазарту құралы ретінде де пайдаланған.

– Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге салып күмістететін болған. Бұл дәстүр қазір де сақталған – «қырық қасық суға қырық тиын салу» деген ырым содан қалған. Күміс су тазартатын, баланы ауру-сырқаудан қорғайды деп есептелген, – дейді спикер.

Қазір музей қорында жиырмаға жуық балалар киімі мен бас киім үлгілері бар.

Бұл жәдігерлер қазіргі таңда Г. Потанин атындағы музейдің уақытша көрмелерінде көрсетіледі.