Павлодарда тұрғындар қант диабетіне тегін тексеріле алады
Облыстық кардиологиялық орталықта денсаулық көрсеткіштерін анықтауға арналған акция өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталықтың мәліметінше, Дүниежүзілік қант диабеті туралы хабардар болу күніне орай тұрғындарға арналған тегін медициналық акция ұйымдастырылады.
Іс-шара барысында қатысушылар қандағы глюкоза деңгейін тексертіп, қан қысымы мен бел көлемін өлшете алады.
Сонымен қатар Павлодарда алғаш рет арнайы ақылды таразылардың көмегімен биоимпеданстық талдау жүргізіледі. Бұл әдіс дене құрамын, соның ішінде май, бұлшықет және су мөлшерін бағалауға мүмкіндік береді.
Акцияға қант диабетімен ауыратын науқастар қоғамының төрағасы да қатысады. Ұйымдастырушылар келушілерге пайдалы жемістер ұсынады.
Медициналық тексеру 13 қараша күні сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін Ткачев көшесі, 10/3 мекенжайындағы облыстық кардиологиялық орталығында өтеді.
Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Ұйымдастырушылар тұрғындарды денсаулығын уақытылы тексертіп, аурулардың алдын алуға шақырады.