Павлодар оқушылары «ҰлттықStyle» жобасында ұлттық дизайнды жаңаша таныстырды

Павлодар оқушылары «ҰлттықStyle» жобасында ұлттық дизайнды жаңаша таныстырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба аясында мектеп оқушылары этно-дизайн элементтерін заманауи форматтармен үйлестіріп, шығармашылық жұмыстарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңірлік мектеп оқушылары ақпан айында мәдениет пен дәстүрді, сондай-ақ заманауи өзін-өзі таныту тәсілдерін біріктірген шығармашылық жобаларға қатысты. 

«ҰлттықStyle» жобасы аясында қатысушылар ұлттық ою-өрнектерді жаңа қырынан ұсынып, сәнді аксессуарлар жасап, 3D форматтармен тәжірибе жүргізді. Ал «Ұрпақ үні» жобасы шағын көрмелерді, сәндік-қолданбалы өнерді, Абай мұрасы бойынша интеллектуалдық челлендждерді және жасанды интеллект қолданылған заманауи форматтарды біріктірді. Қатысушылар өздерінің шығармашылық әлеуетін көрсетіп, креативті ойлау қабілеттерін дәлелдеді, – деді ведомствоның баспасөз қызметінде.

Қатысу белсенділігі бойынша Павлодар қаласы, Тереңкөл және Баянауыл аудандары алдыңғы қатардан көрінді. Айдың абсолютті көшбасшысы – Баянауыл ауданындағы №2 Майқайың орта мектебінің оқушылары атанды. Олардың бір ғана бейнеролигі 763 лайк жинаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ұлттық стильді заманауи тұрғыда жаңаша танытып, оқушылардың этномәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.