Павлодар облысы АӨК-ке 20 миллиард теңге салды

Қаржы электр және сумен жабдықтауға бағытталып, шаруашылықтардың дамуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс және Ақтоғай аудандарына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялар мен жоспарлар туралы мәлімдеді.
Соңғы үш жыл ішінде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жергілікті және республикалық бюджеттерден инженерлік инфрақұрылымға жалпы 20 миллиард теңге инвестиция салынды.
– Бұл қаржы негізінен АӨК объектілеріне электр және сумен жабдықтауды жүргізуге бағытталған. Бұл шаруашылықтардың одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер береді, – деп атап өтті өңір басшысы.
Өнімділікті арттыру және жаңа нарықтарға шығу мақсатында облыс суармалы жерлерді жедел игеруді бастайды. 2026 жылы іске қосылатын негізгі жобалар аясында Май ауданында 4,5 мың гектар, ал Ертіс-Успен ауданында 10 мың гектардан астам суармалы жерді игеру қолға алынады.
Аграрлық саланы қаржылық қолдау көлемі артып келеді. Өсімдік шаруашылығын дамытуға 29,9 миллиард теңге субсидия бөлінген.
– Президенттің тапсырмасы бойынша, жеңілдікті қаржыландыруды алдын ала бөлу тәжірибесі жалғасады. 2025 жылғы науқанға қаражат 2024 жылдың желтоқсанынан бастап берілуде. Жеңілдікті қаржыландыру көлемі бір миллиард теңгеге дейін ұлғайып, қаржыландыру тікелей және субсидияланған мөлшерлеменің арзандауы арқылы жүзеге асырылады, – деді әкім.
Жұмыс сапары кезінде Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов энергетикалық инфрақұрылым тапшылығын жою бойынша жобалардың орындалуы туралы баяндады. Екі жоба бойынша жұмыстың 70 пайызы орындалған, ал мемлекеттік сараптама қараша айының ортасына қарай аяқталады.
Сонымен қатар, «Ақтоғай-Агро» ЖШС чипстер зауытының құрылысы да талқыланды. Бас директор Александр Алексеевич қазіргі сәтте техникалық шарттар алынып, кәріз және су құбырларын жүргізу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Асайын Байханов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Екінші аграрлық форум дәстүрлі түрде 15-17 қараша аралығында өтетінін атап өтті. Форумның негізгі тақырыптарының бірі – аймақ үшін өзекті энергия үнемдеу технологиялары болмақ.