Павлодар облысы дәрі-дәрмектердің қымбаттауы бойынша төртінші орында

Павлодар облысы дәрі-дәрмектердің қымбаттауы бойынша төртінші орында
Константин Шелковтың иллюстративті сурет

Алты ай ішінде өсім тоғыз пайызды құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында қазақстандық отбасылардың денсаулық сақтау саласына жұмсаған шығындары бір үй шаруашылығына орта есеппен 28 мың теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алты пайызға аз.

Өңірлік бөліністе дәрі-дәрмектерге, медициналық жабдықтарға және құрылғыларға ең көп шығын жасағандар — Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары. Бұл тізімде Павлодар облысы төртінші орынды иеленіп отыр, жылдық өсім — тоғыз пайыз.

Ағымдағы жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша, дәрі-дәрмек бағасы бір айда бір жарым пайызға, ал жылдық мәнде 9,9 пайызға өсті.

Ұлттық статистика бюросы тұрақты бақылау жүргізетін дәрі-дәрмектер арасында айлық динамикада ең көп қымбаттағандары — белсендірілген көмір, ацетилсалицил қышқылы, «Но-шпа», «Канефрон Н», «Корвалол», «Аквалор Форте» спрейі және «Смекта».

Сонымен қатар, барлық препараттардың бағасы бірдей өскен жоқ: «Фенистил Нью» тамшылары, «Флемоксин Солютаб», «Супрастин», «Ренни», «Ацикловир» арзандаған.

Өндіріс саласына келер болсақ, ағымдағы жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында Қазақстанда негізгі фармацевтикалық өнімдер мен дәрілік препараттар өндірісінің көлемі 121 миллиард теңгені құрады. Өңірлер бойынша бұл саладағы ең үлкен өндіріс көлемі Шымкент пен Алматы қалаларына тиесілі, ал Павлодар облысы өндіріс көлемі бойынша соңғыдан бір орын жоғарыда тұр — мұнда өндіріс 86 пайызға қысқарған.