Павлодар облысы елдің 60 пайызға жуық көмірін өндіреді
Дәлірек айтқанда, облысымызда қара алтынның 56,6 миллион тоннасы шығарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
– Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Павлодар облысы электр энергиясының 42,5 пайызын және елдің 60 пайызға жуық көмірін өндіреді. Дәлірек айтқанда, электр энергия көзінің сағатына 39,2 миллиард киловат және 56,6 миллион тонна көмір шығарылады,–деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің сөзінше, тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға өсіп, 730,1 миллиард теңгені құрады.
– Инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Павлодар республика бойынша 4-ші орынды алады. Бұл жерде оның 85 пайызы жеке инвестициялар екенін атап өткен жөн. Себебі -бұл 32 жобаны іске асыруға және 1500-ге жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді,– деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Асайын Байханов жыл соңына дейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 291 миллиард теңгеге тағы 20 жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын мәлім етті.