Павлодар облысы мәслихатының төрағасы сайланды
Облыстық мәслихатта VIII шақырылым депутаттарының бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті өкілді органға 32 адам өтті: партиялық тізімдер бойынша – 16 және сайлау нәтижелеріне сәйкес бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 16 адам. Оның 13-і – өткен шақырылған облыстық мәслихат депутаттары.
Қазіргі таңда депутаттық корпуста 26 ер адам мен алты әйел бар. Көбі коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді. Сондай-ақ ҮЕҰ, өнеркәсіп, білім беру және медицина салаларының өкілдері бар. Жаңа шақырылым депутаттарының орташа жасы – 49. Ең жас депутат 34-те.
Бірінші сессияда облыстық мәслихат депутаттарына төсбелгілер мен куәліктер табыс етілді.
Кездесудің басты мәселелерінің бірі төрағаны таңдау болды. Лауазымға тек бір ғана кандидатура – AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко ұсынылды. Депутаттар Илья Теренченконың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Сондай-ақ, бірінші ұйымдастыру сессиясында тұрақты комиссиялар анықталды. Олардың саны – жетеу. Депутаттар экономика және бюджеттік жоспарлау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау, жастар, құрылыс, өнеркәсіп және ТКШ мәселелерімен айналысады. Аграрлық сектор, экология және қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жекелеген комиссиялар құрылды.
– Бүгін сіздер облыстық мәслихаттың жаңа төрағасын сайладыңыздар. Илья Сергеевичтің партиялық және қоғамдық-саяси қызметте мол тәжірибесі бар. Біздің бірлескен жұмысымыз сапалы әрі тиімді болатынына сенемін, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. – Сізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сіздің жұмысыңыз тұрақты тапсырмалар және жеке қабылдаулармен шектеліп қалмауы керек. Мемлекет басшысының міндеттері бойынша – тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсарту, өңірге инвестициялар тарту бойынша одан әрі жұмысты қамтамасыз ету қажет.
Облыс әкімі депутаттарға сайлау науқаны кезінде тұрғындарға берген уәделерін орындауы керек екенін еске салды.