Павлодар облысы тұрғындарының полицияға деген сенімі артқан
Биыл Ұлттық статистика бюросы «Халықтың құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне деген сенім деңгейі» іріктемелі зерттеуін жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Finprom.kz сарапшылары жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда полицияға деген сенім деңгейі өткен жылмен салыстырғанда өскен. Зерттеуге таңдамалы әдіспен отбасының 15-80 жас аралығындағы бір мүшесі, барлығы 18 мың адам қатысқан.
Бір жыл ішінде полицияға сенетін тұрғындардың саны 57,5%-дан 61,6%-ға дейін өскен, ал ішінара сенетіндердің үлесі 30,5%-дан 27% - ға дейін төмендеген.
– Гендерлік тұрғыдан алғанда ерлерге (59,4%) қарағанда әйелдер (63,6%) полицияға көбірек сенеді. Өткен жылмен салыстырғанда ерлер мен әйелдердің полицияға деген сенімі арта түскен. Полицияға сенбейтін ер адамдардың (5,2%) үлесі әйелдерге (4%) қарағанда басымырақ. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда сенім артпайтын ерлердің саны азайса, әйелдердің арасында керісінше артқан, – дейді сарапшылар.
Өңірлік бөліністе 2024 жылы полицияға сенімсіздік деңгейі айтарлықтай өзгерген. Мәселен, Павлодар облысында 0,2% құраса, Түркістан облысында 16,8%-ға жеткен. Елімізде полицияға сенімсіздік деңгейі Маңғыстау облысында (7,3%), Астанада (6,2%), сондай-ақ Батыс Қазақстан (5,8%) және Қарағанды (4,8%) облыстарында орташа деңгейден жоғары.