Павлодар облысы тас жолында Тәжікстан азаматтары құтқарылды

Павлодар облысы тас жолында Тәжікстан азаматтары құтқарылды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Олар жолда үш сағаттай тұрған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Розов ауылының маңындағы Павлодар – Успен автожолын патрульдеу кезінде учаскелік полицей жол жиегінде тұрған автобусты байқаған. Тәртіп сақшысы жүргізушіге жеткенде жол бойындағы автобустың бұзылғанын  және  олардың шамамен үш сағат бойы жолда тұрғанын білген. 

Салонда Тәжікстанның 60 азаматы болған, оның 10-ы – бала. Сондай-ақ арасында сәбилер де болған. 

Олардың барлығы тоңып қалған. Жолда өтіп бара жатқан көліктер болмаған. Сондықтан уақытты жоғалтпай дереу балалар мен әйелдерді ауылдық мәдениет үйіне қызметтік көлікпен тасымалдай бастадым, ал ер адамдарға жол көрсетіп, олар жаяу жүрді. Барлығын орналастырып, азық-түлікпен қамтамасыз еттім. Кейін болған оқиға туралы полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне хабарладым, – деді Павлодар аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бауыржан Бидаев.

Автобус Ресейдің Новосібір қаласынан Тәжікстан Республикасына жолға шыққан. Сағат 23.00 шамасында көлік трассада бұзылған. Жүргізуші қарап шығып, ақаулықтарды жойғаннан кейін әрі қарай жүргісі келген. Алайда, оның істен шығу себебін таба алмаған. Осылайша шамамен үш сағат тұрып, жолаушылар тоңып қалған. Сағат 02.00 шамасында полиция қызметкері келген.

– Трассада бізге көмектескен полиция қызметкеріне ризамын. Ол бірден шешім қабылдап, әйелдер мен балаларды тасымалдай бастады, төрт-бес рейс жасады. Ал ер адамдарға қалай өту керектігін көрсетті және біз жаяу жүрдік. Мәдениет үйінде жылынып жатқанда Бауыржан азық-түлік әкелді. Оған өте ризамыз және зор денсаулық тілейміз, – деді жолаушылардың бірі Абдуллох.

Айта кетейік, облыс трассаларында жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында тәулік бойы жолдарды патрульдейтін полиция экипаждары қызмет атқарады. Полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетеді. Қажет болса, саяхатшыларға түнеуге, тамақтануға, жылытуға және көлік құралын жөндеуге көмектеседі.