Павлодар облысындағы бес шекара бекеті жаңғыртылады
Жаңғырту жұмысынан кейін өткізу мүмкіндігін үш есеге арттыру көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, жаңғыртудан кейін шекарадағы кезек азайып, кедендік тексеруден өту жылдамдайды.
Қазіргі таңда Павлодарда Ресеймен шекарадағы өткізу бекеттерін жаңарту жұмысы басталды. Мысалы, «Қосақ» пунктінде тексеру аймақтары салынып, цифрлық жүйе енгізіледі.
- Жаңғырту жұмыстарынан кейін өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігін үш есеге арттыру жоспарланған. Қазіргі таңда бекет тәулігіне 1000 адам мен 300-ге дейін автокөлік өткізе алады. Ал реконструкция мен жаңғырту аяқталған соң бұл көрсеткіш тәулігіне 3 мың адам мен 1000 автокөлікке дейін өседі, - деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.
«Қосақ» өткізу бекетінің құрылысына республикалық бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір Қазақстанда мемлекеттік шекара бойындағы автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекарасында орналасқан 37 өткізу бекетін жаңарту жоспарланған. Соның бесеуі Павлодар облысында.