Павлодар облысында ірі есірткі тарату арнасы жойылды
Арнайы операция барысында 300 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел қызметкерлер ауқымды арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде жалпы салмағы 308 келіден асатын, ерекше ірі мөлшерге жататын кептірілген марихуана есірткі заты тәркіленді.
Ірі жасырын қойма гараж кооперативтерінің бірінен анықталды. Жедел қызметкерлер сұр-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған 13 қапты тауып, тәркіледі. Күдікті жасырын орнын өзі көрсеткен.
– Тәркіленген зат бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Полиция заңсыз есірткі айналымына қатысу – ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыруға апарар жол екенін еске салады.
Күдікті тұлғалар немесе «жасырын орындар» туралы 102 нөміріне хабарлауға болады.