Павлодар облысында құтқару операциясы кезінде тікұшақ шұғыл қонды

Павлодар облысында құтқару операциясы кезінде тікұшақ шұғыл қонды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Байдала ауылынан 8 шақырым жердегі далаға мәжбүрлі түрде қонды.

Әуе кемесі 1950 жылы туған ер адамды іздестіру-құтқару операциясына жұмылдырылған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам балық аулап жүрген кезде мотоциклмен аударылып қалып, аяғын жарақаттап алған. Осыдан кейін ол көмек сұраған.

Іздестіру жұмыстары жердегі күштер мен еріктілердің қатысуымен шамамен бір тәулік бойы жүргізілді. Нәтижесінде ер адам табылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Тікұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Борттағы барлық адам аман, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда.