Павлодар облысында қала сыртындағы жол апаттары азайды

Павлодар облысында қала сыртындағы жол апаттары азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жылдамдықты сағатына 110 шақырымға дейін шектеу автожолдардағы жағдайды оң шешуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Қабдылманап Әкебаевтың айтуынша, апаттардың азаюына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – жылдамдықты бақылаудың күшеюі. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46 дерекке азайған.

Алайда жүргізушілердің жылдамдықты арттыруға деген әдеті толық жойылды деуге болмайды. Қала сыртындағы жолдарды патрульдеу кезінде ең жиі тіркелетін құқықбұзушылық – жылдамдықты асыру болып отыр. Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін арнайы тіркеу құралдары мен «Кибер-шериф» автоматтандырылған кешендері қолданылады.

– Жеке мәселе ретінде жүргізушілердің шаршаған күйде көлік басқаруы алаңдатады. Жүргізушілердің, оның ішінде такси жүргізушілерінің де рөлде отырып ұйықтап кету фактілері тіркелген. Бұл жол-көлік оқиғаларына себеп болуда. Бұдан бөлек, арақашықтықты сақтамау және жарық құралдарын қоспау сияқты құқықбұзушылықтар да кездеседі. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, фараларды пайдалану тас жолдарда да, елді мекендерде де міндетті. Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер бұл талапты елемейді, – дейді полиция өкілі. 

Қауіпсіздік белдігін тақпауға қатысты заңбұзушылықтар да анықталып жатыр. Алайда полиция мәліметінше, мұндай жағдайлар қала сыртындағы жолдарға қарағанда, елді мекен ішінде жиірек кездеседі.