Павлодар облысында қараусыз қалған велосипедтер полицияға жеткізіледі

Павлодар облысында қараусыз қалған велосипедтер полицияға жеткізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар мен Екібастұзда велосипед ұрлығының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

31 шілдеге дейін ұйымдастырылған «Велосипед» акциясы аясында полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің аулалары мен көпқабатты үйлердің кіреберістерін тексеруде.

Тәртіп сақшылары құлыпсыз және қараусыз қалдырылған велосипедтерге ерекше назар аударады. Мұндай көліктер көбіне ұрылардың нысанасына айналады.

– Егер велосипед иесі бірден анықталмаса, ол полиция бөлімшесіне жеткізіліп, тиісті құжаттар рәсімделгеннен кейін заңды иесіне қайтарылады. Бұл ұрлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шара, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, қараусыз қалған велосипедтердің басым бөлігі балаларға тиесілі. Олар көбіне көліктерін аулаларда немесе подъездерде бақылаусыз қалдырады.

Ведомство тұрғындарға велосипедтерді подъездерде қалдырмауға, тіпті қысқа уақытқа кеткен жағдайда да сенімді құлыптарды пайдалануға кеңес береді. Сонымен қатар ата-аналарға балаларға мүлікті қараусыз қалдырудың қауіпті екенін түсіндіру ұсынылды.