Павлодар облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Рейдтің алғашқы күндерінде 16 қару иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде 15-31 шілде аралығында заңсыз қару айналымының алдын алуға бағытталған республикалық «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Рейд басталғалы қару сақтайтын 693 азаматтың тұрғылықты мекенжайы тексерілді.
Тексеру барысында қару сақтау және оны айналымға жіберу қағидаларын бұзған 16 қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ қару айналымы талаптарын бұзғаны үшін 22 бірлік тіркелген қару тәркіленді.
Ведомствода атап өткендей, құқық бұзушылардың барлығы қаруды қауіпсіз сақтау және пайдалану талаптары бойынша қайта даярлаудан өту үшін мамандандырылған оқу орталықтарына жіберілді.