Павлодар облысында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар саны артады
Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру және рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою мәселесі өзекті болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ аумағында орналасқан 321 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының тек үшеуі ғана экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Олар – Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы полигондар.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов мәлімдеді. Оның айтуынша, геомембрана төсеуді, қоқысты сұрыптауды және басқа да көптеген экологиялық талаптарды қамтитын заманауи полигонды әр ауылдың маңына салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
– Ал аудан орталықтарына келсек, қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай полигондардың құны елді мекендегі халық санына байланысты бір миллиард теңгеден басталады және одан да жоғары болуы мүмкін. Басты мәселе – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Жергілікті бюджетте мұндай жобаларды жүзеге асыруға қаражат қарастырылмаған. Осыған байланысты облыс әкімдігі экология министрлігі мен Үкіметке кемінде екі жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға қолдау көрсету жөнінде өтініш жолдады, – деді Әсет Сыздықов.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл және Майқайың ауылдарында жаңа қоқыс полигондарын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Сонымен қатар табиғатты қорғау шаралары жоспары аясында осындай жұмыстарды Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында жүргізу жоспарланып отыр.
Өңірде заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылғы ғарыштық мониторинг нәтижесінде Қазақстан Ғарыш Сапары Павлодар облысы аумағында 249 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтаған. Аталған орындардың координаттары оларды жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданған.
Нәтижесінде жергілікті әкімдіктердің жұмысы барысында 244 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Ал төрт қоқыс орны расталмаған.
2026 жылғы жағдай бойынша Павлодар облысының аумағында тағы 10 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған.
Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар барысында қоршаған ортаны ластағаны үшін төрт жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы бір миллион 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.