Павлодар облысында қылмыс деңгейі төмендеді
Аймақта «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету бойынша жұмыс қарқын алып, нақты нәтижелер бере бастады, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаевтың айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
– Концепцияда көрсетілгендей, құқықтық мәдениетті арттыру – Мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтардың күш-жігерін талап ететін кешенді міндет. Ең алдымен бұл – жеке және қоғамдық тәртіпті сақтау. Заң мен әділдік әр азаматтың өмірінде бірінші орында тұруы тиіс, – деді Бауыржан Ертаев.
Облыс прокуратурасының бастамасымен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды практикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл – халықпен, білім беру ұйымдарымен, бизнес құрылымдарымен және мемлекеттік органдармен бірлескен кешенді шаралар.
Іс-шаралар әртүрлі форматта өтуде. Оның ішінде ойын-сауық орындарының маңында патрульдік бақылауды арттыру, алкоголь өнімдерін рұқсат етілмеген уақытта сатудың алдын алу, лицензиясыз қызметтердің жолын кесу, заңсыз көші-қон фактілерін анықтау, тәуекел тобындағы балаларды есепке алу, есірткі зертханалары мен притондарды әшкерелеу, интернет алаяқтық пен мал ұрлығына қарсы профилактика жүргізу.
– Біздің міндет – тек заңды түсіндіру емес, халықтың құқықтық мәдениетін, жауапкершілігін және тәртібін қалыптастыру. Бұл ретте, осындай жұмыстардың аясында облыс бойынша 22 ауыл алкогольдан толық бас тартқанын атап өткім келеді, – деді Бауыржан Ертаев.
Прокурор орынбасары қауіпсіздік пен тәртіп тек ресми шаралар арқылы ғана емес, күнделікті өмірде қалыптасатынын айтты.
– Қауіпсіздік – отбасымызда, ауламызда, жұмыс орнымызда қалыптасатын құндылық. Сондықтан тұрғындарды профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысуға, құқық бұзушылық туралы хабарлауға және тәртіпті сақтауға шақырамыз. Біз бірге өзіміз бен балаларымыз үшін қауіпсіз болашақ жасаймыз, – деді ол.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында 1000-нан астам іс-шара ұйымдастырылған. Облыс прокуратурасының дерегінше, өңірдегі қылмыс деңгейі бес пайызға төмендеген, бірқатар аудандарда кәмелетке толмағандар арасында қылмыс мүлде тіркелмеген.