Павлодар облысында қызыл жалынды төрт борт әуеден бақылайды
Бір тікұшақ бірден үш тонна су шашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде өрт қаупіне байланысты әуеден бақылау күшейтілді. Қазір төрт авиациялық борт кезекшілікте тұр.
Екі ұшу аппараты Павлодарда, бір-бірден Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Ертіс орманы» аумағында орналасқан. Олардың жұмысына төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы мекемелері бірлесіп бақылау жүргізеді.
Павлодардағы техниканың бірі – Еурокоптер. Ол аумақты жоғарыдан бақылап, жану ошақтарын анықтайды. Ал Mi-8 тікұшағы арнайы су шашу құрылғысымен жабдықталған. Бір рейсте үш тоннаға дейін су төге алады.
– Mi-8 тікұшағы соңғы уақытта Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Ертіс орманы» аумағындағы Аққулы маңындағы өртті сөндіру жұмыстарына тартылды. Авиацияның көмегі жалынға жедел әрекет етіп, оның кең аумаққа жайылуына жол бермеуге мүмкіндік берді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Ұшу техникасы мен экипаждар ҚР төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» ұйымына тиесілі.
Сонымен қатар, елді мекендер мен орманды алқаптар маңында минералданған жолақтар жасалып, шөп шабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қауіпті маусым басталғалы атқарылған шаралардың нәтижесінде жалынның елді мекендерге таралуына және тұрғындарға қауіп төнуіне жол берілген жоқ.